2016 жылғы 4 қарашада Алматыда Ресей, Украина, Израиль, Германия, Дания, Бельгия, Ұлыбритания, Испания, Италия, Үндістан, Таиланд, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстанның репродуктивтік технологиялардың жетекші мамандарының қатысуымен «Бедеулікті емдеудің заманауи тәсілдері. ҚРТ: Қазіргі жағдайы мен болашағы» атты VIII Халықаралық конгресс өз жұмысын бастады.
Форумға акушер-гинеколог дәрігерлер, бедеулікті емдеумен айналысатын экстракорпоральды ұрықтандыру орталықтарының (бұдан әрі – ЭКҰ) өкілдері, андрологтар, эндокринологтар қатысуда.
Сондай-ақ, конгреске КСРО «шыны түтіктен» алғашқы балалардың авторлары (1986 жыл), профессорлар Анатолий Никитин, Елена Калинина, ЭКҰ клиникаларының басшылары және әлемдік репродуктология саласының көшбасшылары келді.
Іс-шараның ұйымдастырушысы: ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қолдауымен Қазақстанның репродуктивтік медицинасының қауымдастығы.
Форум тақырыбының өзектілігі бедеулікке шалдыққан отбасының медициналық-әлеуметтік проблемалары еліміздегі демографиялық жағдайды жақсарту үшін, сонымен қатар, балалы бола алмайтын пациенттердің өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін шешуде маңыздылығымен айқындалды. Диагностикалаудың заманауи тәсілдерін дамыту бедеуліктің нақты себебін анықтауға және оны емдеу тәсілдерін белгілеуге мүмкіндік береді. Бедеулік жағдайының 50%-дан астамы ерлердің репродуктивті жүйесінің патологиясымен байланысты, 25%-ы құрама бедеуліктің еншісінде.
Кейінгі жылдары әлемде бедеуліктің түрлерін емдеудің мол тәжірибесі жинақталды. Бар тәсілдердің көбі Қазақстанда да сәтті енгізілді. Эндовидеохирургия, диагностикалау мен емдеудің гормональдық тәсілдері, андрология, медициналық генетика, эмбриология дамуда, жаңа қауіпсіз және тиімді дәрілік препараттар тіркелуде. Осының бәрі қосымша репродуктивтік технологияларды құруға (бұдан әрі - ҚРТ) және оларды практиқаға белсенді енгізуге әкелді.
Біздің елімізде ҚРТ 1995 жылдан Адам репродукциясы қалалық орталығында (бұдан әрі - АРҚО) елімізде алғаш рет экстракорпоральді ұрықтандыру зертханасы ашылғаннан бастап енгізіле бастады. Бір жылдан соң «шыны түтіктен» тұңғыш бала туылды. Бүгінде Қазақстанда 22 ЭКҰ орталық жұмыс істейді, оның ішінде 17-і жеке меншік.
ҚРТ әдістерімен елімізде 50 мыңнан астам ерлі-зайыптылар емделді. Емделу тиімділігі 15%-дан 43%-ға дейін өсті. Бала туылуы дерегімен расталатын емделу тиімділігінің көрсеткіші 29%-ды құрайды, бұл орташа еуропалық көрсеткішке сай. Бедеулікке шалдыққан отбасыларда 12 мыңнан астам бала дүниеге келді.
2010 жылға дейін қымбат тұратын емделу пациенттердің есебінен жүзеге асатын. Бедеулікке шалдыққан пациенттерді ҚРТ тәсілдерімен емдеу республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуы - қазақстандық денсаулық сақтау саласының маңызды жетістіктерінің бірі болды. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі экстракорпоральді ұрықтандыруды қажет ететін ерлі-зайыпты адамдарға қаражат бөледі.
2010 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ҚРТ-ның 3 мыңға жуық бағдарламасына қаражат бөлінді. 2016 жылы мемлекет 820 бағдарламаға қаражат бөлді. Пациенттер емді өз қалаулары бойынша мемлекеттік немесе жеке меншік орталықтарында алады. Бағдарлама тиімділігі жөнінен үздік нәтижелі және тәжірибесі мол 2 мемлекеттік, 3 жекеменшік клиникаларда өткізілуде. Қазақстанда 2010-2016 жылдар аралығында бюджеттік бағдарламалар нәтижесінде 1200-ге жуық бала дүниеге келді.
Бұл тұрғыдан, Репродуктивтік медицина институтының (бұдан әрі - РМИ) директоры Тамара Жүсіпәлиева мемлекеттік тапсырыстың 40% РМИ орындайтынын, ЭКҰ квоталық бағдарламаларының сәттілігі 52% құрайтынын атап өтті.
«Одан басқа, Япония мамандарымен бірлесіп, онкологиялық ауруларға шалдыққан әйелдерге репродуктивтік функцияларын, дүниеге бала әкелу қабілетін сақтау мақсатында бала тууға мүмкіндік беретін аналық без тінін криоконсервациялау тәсілі енгізілді», - деді Тамара Жүсіпәлиева.
Шара барысында ҚРТ-дағы эмбриологияның өзекті мәселелері бойынша Ұлыбритания, Таиланд, Израиль, Германия, Ресей, Украина және Қазақстан мамандарының қатысуымен шеберлік сыныптары өткізіледі.
Бедеулікке алып келетін аурулардың алдын алу мәселелеріне, бедеулікке шалдыққан ерлі-зайыптыларды диагностикалау және емдеуде медициналық-санитарлық алғашқы көмектің рөліне ерекше назар аударылады.
Форум шеңберінде 50 астам жетекші медициналық техника мен дәрілік заттарды өндірушілердің және Қазақстанда белгілі ҚРТ клиникаларының қатысуымен репродуктивті медицинаға арналған көрме ұйымдастырылады.